Версия для печатиВерсия для печати

Қазақстан Республикасы

Жоғары Сот Кеңесінің

2019 жылғы 29 қаңтардағы шешімімен

бекітілген

(03.04.2020 ж. өзгерістермен)

 

 

Аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасының,

облыстық және оған теңестіріліген соттың төрағасының,

сот алқасының төрағасы мен судьясының,

Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы мен судьясының лауазымдарына кадр резервін қалыптастыру және

онымен жұмысты ұйымдастыру

ҚАҒИДАЛАРЫ

 1. Жалпы ережелер

 

1. Аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасының, облыстық және оған теңестіріліген соттың төрағасының, сот алқасының төрағасы мен судьясының, Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы мен судьясының лауазымдарына кадр резервіне (бұдан әрі – кадр резерві) алу осы Қағидаларға сәйкес жүргізіледі.

1-1. Кадр резерві жөніндегі Комиссияға өтініш берген және аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасының, облыстық және оған теңестіріліген соттың төрағасының, сот алқасының төрағасы мен судьясының, Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы мен судьясының лауазымдарына кадр резервіне алу үшін іріктеу рәсімдеріне жіберілген адамдар кадр резервіне алу үшін кандидаттар болып табылады.

2. Кадр резервіне «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының біліктілік талаптарына және осы Қағидаларға сәйкес келетін, судья қызметінде немесе заң мамандығы бойынша қажетті жұмыс өтілі бар, жұмыс көрсеткіштері жақсы, беделі мінсіз және ұйымдастырушылық қабілеті бар кандидаттар алынады, оның ішінде:

1) жұмыс істеп жүрген судьялар;

2) бұрын судья болып жұмыс істегендер;

3) судья болып табылмайтын адамдар.

3. Кандидаттарды бағалау және іріктеу кезінде, сондай-ақ олардың кандидатураларын бос орындарға талқылау кезінде Жоғары Сот Кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) отырыстарында, Жоғарғы Соттың, облыстық және оған теңестірілген соттардың жалпы отырыстарында басымдық кадр резервінде тұрған адамдарға беріледі.

4. Адамдарды кадр резервіне алу жөніндегі іріктеу жұмысты ұйымдастыру үшін Кеңесте Кадр резерві жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.

 2. Комиссияның құру және оның құзыреті

 

5. Комиссия құрамы мен төрағасын Кеңес бекітеді.

6. Комиссия құрамына:

1) Кеңестің үш мүшесі;

2) жұмыс істеп жүрген үш судья;

3) мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органнан, заңгерлер қауымдастығынан бір-бір өкілден және HR-менеджмент салысындағы маман кіреді.

7. Комиссия мүшелері өкілеттіліктерінің мерзімі – екі жыл.

8. Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысы шешімінің негізінде  Кеңеске қарау үшін Комиссия құрамына жұмыс істеп жүрген судьялар арасынан кандидат енгізіледі.

9. Комиссия төрағасын Кеңес өкілдері болып табылатын Комиссия мүшелері ішінен Кеңес тағайындайды.

10. Комиссия қызметін Кеңес аппаратының қызметкері болып табылатын Комиссия хатшысы қамтамасыз етеді.

Комиссия хатшысы Комиссия мүшесі болып табылмайды және оның дауыс беру құқығы болмайды.

11. Комиссия өз жұмысын бекітілген жоспарға сәйкес ұйымдастырады, Комиссия отырыстары кемінде жартыжылда бір рет өткізіледі.

12. Комиссия төрағасы оның жұмысын ұйымдастырады, қызметін үйлестіреді, кадр резервімен жұмысты ұйымдастыруды жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізеді, кадр резервінің жұмысын талдайды және бұл туралы Кеңесті және Кеңес төрағасын хабардар етеді. 

13. Комиссия хатшысы комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргізеді, сондай-ақ кадр резерві жөніндегі құжаттамаға тиісті өзгерістерді уақтылы енгізіп отырады.

14. Комиссия мүшелері резервке алынатын кандидатуралар бойынша ұсыныстар енгізеді, кандидаттардың жеке және іскерлік қабілеттерін тексеруді іске асырады, резервке алынған адамдарға қатысты келіп түскен шағымдар мен өтініштер бойынша Кеңес Төрағасының тапсырмасына сәйкес тексеру жүргізеді, кадр резервінде тұрған адамдардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларға қатысады.

15. Комиссия кадр резервіне алу туарлы өтініш берген кандидатқа қатысты құжаттар мен материалдарды соттардан, Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органнан сұратып алдыруға құқылы.

16. Комиссия кадр резервін мынадай лауазымдар бойынша қалыптастырады:

1) аудандық және оған теңестірілген соттың (бұдан әрі – аудандық сот) төрағасы;

2) облыстық және оған теңестірілген соттың (бұдан әрі – облыстық сот) судьясы;

3) облыстық соттың сот алқасының төрағасы;

4) облыстық соттың төрағасы;

5) Жоғарғы Соттың судьясы;

6) Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы.

Сонымен қатар Комиссия тұрақты негізде аудандық сот судьялары лауазымына кандидаттардың деректер базасын жұмыс істеп жүрген судьялар мен судья болып табылмайтын адамдар бойынша бөлек жүргізеді.

17. Комиссия шешімі ашық дауыспен қабылданады және оған отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі.

Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді, оған комиссияның төрағасы және хатшысы қол қояды.

 

Кандидаттарды кадр резервіне алу үшін оларды іріктеу

1. тәртібі мен шарттары

 

18. Кадр резервіне тұруға мыналар құқылы:

1) аудандық сот төрағасының лауазымына – судьялар немесе судьялық қызметте кемінде бес жыл өтілі, тиісті біліктілігі бар және беделі мінсіз, сондай-ақ ұйымдастырушылық қабілеттері бар адамдар;

2) облыстық сот судьясының лауазымына – судьялар немесе заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар немесе судьялық қызметте кемінде бес жыл өтілі, тиісті біліктілігі бар және беделі мінсіз адамдар;

3) облыстық соттың сот алқасының төрағасы мен төрағасының лауазымына – судьялар немесе судьялық қызметте кемінде он жыл өтілі, тиісті біліктілігі бар, беделі мінсіз және ұйымдастырушылық қабілеттері бар адамдар;

4) Жоғарғы Сот судьясының лауазымына – судьялар немесе заңгерлік кәсібі бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде он жылы судьялық, оның бес жылы облыстық соттағы судьялық жұмыс өтілі, тиісті біліктілігі бар, беделі мінсіз адамдар;

5) Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы лауазымына – Жоғарғы Сот судьялары.

19. Кадр резервіне алу тәртібі төменгі қызметтен жоғары тұрған қызметке ауысу сабақтастығы қағидатына негізделеді.

Жоғары тұрған соттардың судьялары төмен тұрған соттардағы басшы лауазымдарға резервтен тыс тағайындала алады.

20. Алып тасталды.

21. Резерв лауазым санатына қарай төменде көрсетілген тәртіп бойынша қалыптастырылады:

1) Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы лауазымына – әрбір алқа (азаматтық, қылмыстық, мамандандырылған) бойынша бөлек;

2) Жоғарғы Соттың судьясы лауазымына – бірыңғай резерв, маманданымына байланысты емес;

3) облыстық сот төрағасының лауазымына – бірыңғай резерв, облыстық соттың орналасқан жеріне байланысты емес;

4) облыстық соттың сот алқасының төрағасы лауазымына – әрбір алқа (азаматтық, қылмыстық) бойынша бөлек;

5) облыстық сот судьясының қызметіне – әрбір облыстық сот бойынша бөлек резерв;

аудандық сот төрағасының лауазымына – әрбір аудандық сот бойынша бөлек резерв. Бір адамның бірнеше аудандық соттарға, барлық аудандық соттарға, нақты бір облыстағы аудандық соттарға, облыс орталықтарында орналасқан аудандық соттарға, белгілі бір маманданым бойынша соттарға (экокномикалық, әкімшілік және т.б.) резервте болуына рұқсат етіледі.

22. Кандидаттар осы Ереженің 21-тармағында көрсетілген талаптарды ескере отырып, тиісті білімі болған жағдайда (мысалы, азаматтық және қылмыстық алқалары төрағасы лауазымына) арыздар бере алады және судьялар лауазымдарының бірнеше санатына немесе бірнеше соттар не өңірлер бойынша кадр резервіне алынуы мүмкін.

Өтініште қажетті ақпарат болмаған жағдайда (кадр резервіне тұруға ниет білдірген кандидат нақты судья лауазымы, тиісті соттың немесе өңірдің мамандануы және атауы), өтініш қарауға жатпайды.

23. Жоғарғы Сот Төрағасы мен Кеңес Төрағасы нақты бір кандидатты кадр резервіне алу туралы мәселені Комиссияның қарауына енгізуге құқылы.

Бұл ретте кандидаттың резервке алынуына келісім беруі міндетті болып табылады.

24. Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін бағалау туралы материалдарды қарау нәтижелері бойынша жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сатыдағы сотқа) кадр резервіне алуға ұсынымы туралы шешімі Комиссияның кадр резервіне алу туралы мәселені қарауына негіз болып табылады.

25. Жыл ішінде кадр резервіне қабылдануға ниет білдірген кез келген адам Комиссияға мынадай құжаттарды жібереді:

1) өтініш – кадр резерві жөніндегі Комиссия төрағасының атына Комиссияның толық атауы, Т.А.Ж., жұмыс орны, лауазымы, қолы мен күні көрсетіле отырып, өз қолымен анық жазумен не баспа мәтінімен ресімделеді. Егер өтініш беруші қызмет етiп жүрген судья болып табылмаса, онда арызда үйінің мекен-жайы мен байланыс телефоны көрсетіледі. Өтініште соттың атауын, мамандануын, республиканың өңірін(-лерін) және кадр резервіне тұрғысы келетін лауазымын(-рын) көрсету қажет;

2) кадрларды есепке алу парағы;

3) өмірбаян – өзін және жақын туыстарын қылмыстық жауаптылыққа тарту фактілері туралы ақпаратты міндетті түрде көрсете отырып, өз қолымен анық жазумен толтырылады;

4) жеке куәліктің көшірмесі;

5) жоғары және арнаулы орта (бар болған жағдайда) заң білімі туралы дипломның және оларға қосымшалардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;

6) жұмыс орны бойынша кадр қызметі куәландырған немесе нотариалды расталған еңбек кітапшасының көшірмесі. Жұмысы туралы мәліметтер еңбек кітапшасына енгізілмейтін немесе толық емес көлемде енгізілетін қызметкерлер үшін (құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, оның ішінде бұрынғы қызметкерлер) еңбек кітапшасының көшірмесінен басқа тиісті кадр қызметінің басшысы куәландырған қызметтік тізімнің көшірмесін немесе кадр қызметі растаған нақты лауазымдары көрсетілген анықтаманы ұсыну қажет. Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан босатылған жағдайда кандидаттар жұмыстан шығару туралы бұйрықтардың үзінді көшірмелерін ұсынады;

7) үміткердің кәсіби қызметіне, іскерлік, жеке және адамгершілік қасиеттеріне баға берілуі тиіс қызметтік мінездеме.

Бұл ретте міндетті түрде көтермелеу және тәртіптік жазалар туралы мәліметтер көрсетіледі. Жұмыс істеп жүрген судьялар үшін өз стандарттары бойынша жұмыс орны бойынша мінездеме судьяның сапасын оң немесе теріс бағалауды қамтитын ұсынымдық хатқа сәйкес келуі тиіс. Басшы судья лауазымдарына кадр резервіне тұру үшін кандидаттың мінездемесінде ұйымдастырушылық қабілеттері туралы мәліметтер болуы тиіс;

8) бұрын судья лауазымын атқарған адамдар үшін – судья лауазымында соңғы үш жылдағы жұмыс көрсеткіштері туралы анықтама, тәртіптік жауаптылыққа тарту фактілері туралы мәліметтер, судьяның іс-әрекетіне келіп түскен шағымдар, жоғары тұрған сот сатыларындағы ескерту-хаттары және көрсетілген кезеңде судья жіберген заң бұзушылықтар туралы прокурорлардың ұсынымдары туралы мәліметтер. Анықтамалар тиісті облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының қолы, күні қойылып, осы соттың мөрімен бекітілуі тиіс. Егер бұрын судья лауазымын атқарған адам тәртіптік жауаптылыққа тартылса немесе оған қатысты жоғары тұрған сот сатыларындағы шағымдар, ескерту-хаттары және судья жіберген заң бұзушылықтар туралы прокурорлардың ұсынымдары келіп түссе, онда анықтамада тәртіптік жауапкершілікке тартудың негіздері, жаза қолданылған күні және оның түрі, фабуласы және әрбір өтініш бойынша қарау нәтижесі (өтініш авторларының дәлелдерінің расталғанын міндетті түрде көрсете отырып), прокурорлардың ескертулері мен ұсыныстарын қарау нәтижелері;

9) мамандандырылған магистратура түлектері судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттарды (нотариалды куәландырылған көшірмелері) ұсынады.

Кандидаттар олардың біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейі мен беделіне қатысты қосымша ақпарат бере алады. Барлық ұсынылған құжаттарда қолы және жасалған немесе бекітілген күні, қажет болған жағдайда – тіркеу нөмірі және күні болуы тиіс.

Жұмыс істеп жүрген судьялар үшін осы тармақтың  2), 4), 5), 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсыну талап етілмейді.

Жұмыс істеп жүрген судьяларға қатысты мінездемелер, жұмыс көрсеткіштері, шағымдар, тәртіптік жауапкершілікке тарту фактілері туралы, жоғары тұрған сот сатыларындағы ескерту-хаттары және судья жіберген заң бұзушылықтар туралы прокурорлардың ұсынымдары туралы мәліметтерді Комиссия облыстық соттардан өз бетінше сұратады.

26. Комиссия:

облыстық сот төрағаларынан – аудандық сот төрағалары, облыстық соттардың судьялары мен сот алқаларының төрағалары лауазымдарына кадр резервіне кандидатуралар бойынша;

Жоғарғы Сот төрағасынан – облыстық сот төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясы мен сот алқасының төрағасы лауазымдарына кадр резервіне кандидатуралар бойынша пікір сұратады.

Облыстық соттар төрағалары мен Жоғарғы Сот төрағасының пікірлері Комиссия үшін ұсынымдық сипатта болады.

27. Кандидаттарды іріктеу процесі келесі дәйекті кезеңдерден тұрады:

1) кадр резервімен жұмысты қалыптастыру және ұйымдастыру Қағидасында көзделген өтініштер мен құжаттарды қабылдау;

2) Кеңес аппаратының кадр резервіне алу үшін адамдардың материалдарын алдын ала қарауы;

3) кандидаттарды заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтау негізінде резервке іріктеу рәсіміне жіберу. Адамдарды кадр резервіне іріктеу рәсіміне жіберу/жібермеу туралы шешімді Комиссия төрағасы Кеңес аппараты дайындаған қорытынды негізінде, ал даулы мәселелер болған жағдайда – толық құрамда кадр резерві жөніндегі Комиссия қабылдайды. Кадр резервіне іріктеу рәсімдеріне жіберілген кандидаттар анықталған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде осы тұлғалардың тізімі жұртшылықтың пікірін алу үшін Кеңестің интернет-ресурсында жарияланады.

4) соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің және облыстық соттар мен Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының қорытындыларын, облыстық соттар мен Жоғарғы Сот төрағаларының пікірлерін алу мақсатында соттарға іріктеу рәсімдеріне жіберілген кандидаттардың тізімін жіберу. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің және облыстық соттың жалпы отырыстарының қорытындыларын алу тәртібі Регламенттің 50-тармағында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады. Облыстық соттар мен Жоғарғы Сот төрағаларының пікірлерін алу тәртібі осы Ереженің 26-тармағында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады. Кадр резервіне іріктеу рәсімдеріне жіберілмеген адамдардың тізімі соттар Әкімшісінің кадр қызметін ақпараттандыру мақсатында соттарға жіберіледі;

5) цифрлық кезең – орташа балы арнайы ақпараттық жүйеге енгізілетін, бағалау өлшемдері бойынша кадр резервіне кандидаттардың алу үшін балдарын есептеу;

6) бағалау кезеңі – кадр резерві жөніндегі Комиссия мүшелерінің бағалау өлшемдері бойынша кадр резервіне алу үшін кандидаттардың жазбаша жеке бағасы, олардың орташа балы арнайы ақпараттық жүйеге енгізіледі;

7) кадр резервіне алу үшін кандидаттарға ауызша сұхбат;

8) кадр резерві жөніндегі Комиссияның кадр резервіне кандидаттарды алуға алдын ала іріктеуі;

9) кадр резерві жөніндегі Комиссияның кадр резервіне кандидаттарды алу тізімін Кеңестің қарауына шығаруы;

10) Кеңестің кадр резервін бекітуі.

Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі Комиссияның шешімі негізінде кадр резервіне алуға ұсынылған кандидаттар тек сұхбаттаудан өтеді.

Кадр резервіне алынған кандидаттар кадр резервінде тұрған бос судья лауазымына конкурсқа қатысу кезінде көрсетілген кезеңдерден қайта өтуден босатылады.

Бағалау және цифрлық кезеңдердің нәтижелері, сондай-ақ сұхбаттау нәтижелері олар өткен күннен бастап екі жыл бойы өз күшін сақтайды.

Кадр резерві жөніндегі Комиссия кадр резервіне кандидаттардың қорытынды тізбесін жылына екі рет қалыптастырады.

28. алып тасталды.

29. алып тасталды.

30. Жалпы отырыстардың және соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер отырыстарының қорытындылары Комиссия үшін ұсынымдық сипатта болды.

31. алып тасталды.

Әрбір лауазым бойынша резервте тұратын адамдар саны шектелмейді және:

1) кандидаттардың алдыңғы кезеңдерде алған балдары;

2) нақты бос орнынға сұраныс ескеріліп, белгіленеді.  

32. Резервте тұру мерзімі – үш жыл, ол өткеннен кейін не аяқталғанға дейін күні бұрын адам резервке алу жөнінде қайта өтініш бере алады.

33. Жаңадан тағайындалған судьялар кадр резервіне екі жыл судья болып жұмыс істегеннен кейін және судьяның кәсіби қызметін бағалаудан өткеннен кейін ғана алына алады.

34. Кадр резервіне іріктеудің барлық кезеңдерін жүргізу нәтижелері бойынша кадр резерві жөніндегі Комиссия кадр резервіне алу туралы шешім шығарады, ол әрбір кандидатқа қатысты жеке-жеке қабылданады.

Шешімде кандидат кадр резервіне қандай лауазымға қабылдау үшін ұсынылғаны көрсетілуі тиіс.

35. Комиссия шешімі Кеңестің қарауына енгізіледі, ол кадр резервін бекіту туралы шешімді қабылдайды.

36. Кеңес аппараты тұрақты негізде кадр резервінің жай-күйіне мониторингті жүзеге асырады.

37. Кадр резервінен шығару Комиссияның шешімі бойынша мынадай негіздерге байланысты жүргізіледі:

1) резервте тұрған адамның өтініші бойынша;

2) судья әдебінің кодексін бұзуға жол беруіне не судьяның тәртіптік жауапкершілікке тартылуына байланысты;

3) «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көрсетілген негіздер бойынша судья қызметінен босатылуына байланысты;

4) судья кәсіби жарамсыздығына байланысты атқарып отырған қызметіне сай келмейді деп танылғанда;

5) резервте тұрған лауазымына орналасуға конкурсқа дәлелді себептерсіз үш және одан көп рет қатыспаған жағдайда.

6) облыстық сот төрағасы ұйымдастырған жеке жоспар бойынша арнайы даярлықтан өтуден бас тартқан жағдайда.

38. 37-тармақта көрсетілген негіздердің болуы туралы облыстық соттар олардың туындаған немесе анықталған кезінен бастап үш жұмыс күні ішінде Комиссияға хабарлауға тиіс.

39. Кадр резервіне алу тізімінен шығару туралы шешімді қабылдау кезінде тексеру жүргізуге болады, ал судья Комиссия отырысында түсініктемелер беруге құқылы.

40. Комиссияның кадрлік резервтен шығару туралы шешімі Кеңестің бекітуін талап етпейді.

41. Комиссияның кадр резервінен шығару туралы шешімі жөнінде мұндай шешім қабылданған адам 5 жұмыс күні ішінде хабарландырылады.

42. Комиссиямен оларға қатысты кадр резервінен шығару туралы шешім қабылданған адамдар Комиссияның шешімімен танысқаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде Кеңеске Комиссияның шешіміне шағым беруге құқылы.

43. Кеңестің Комиссия шешімінің күшін жоюы Комиссияның оны қайта қарауына негіз болып табылады.

44. Кадр резервіне алынған және одан шығарылған адамдардың тізімі тұрақты негізде Кеңестің интернет-ресурсында орналасқан.

45. Комиссия облыстық соттардың кадр резервімен жүргізген жұмысын талдайды және ол туралы Кеңес Төрағасына ақпарат береді, оның тапсырмасы бойынша сол жұмыстың жай-күйімен танысу үшін жергілікті жерлерге барады.

46. алып тасталды.

 

4. Кадр резервімен жұмысты ұйымдастыру

 

Облыстық соттардың төрағалары мен Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы резервте тұрған адамдардың іскерлік және моральдық қасиеттерін терең зерделеу, олардың кәсіби шеберлігін арттыру және ұйымдастырушылық дағдыларын жетілдіру бойынша іс-шараларды жүзеге асырады.

Осы мақсатта кадр резервіне алынған судьялар резервте тұрған кезде облыстық соттың төрағасы бекіткен жеке жоспар бойынша арнайы дайындықтан өтеді, онда мыналар қарастырылады: 

1) тағылымдамадан өту және біліктілікті арттыру;

2) кеңестер, алқалар, оқу-әдістемелік семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар жұмысына және кәсіби деңгейді арттыруға бағытталған басқа да іс-шараларға қатысу;

3) төраға еңбек демалысында, іссапарда немесе уақытша еңбекке жарамсыз болған кезде оның міндеттерін атқаруды уақытша жүктеу;

4) қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін басқа да іс-шаралар өткізу.

48. Сонымен қатар, кадр резервіне алынған судьялар Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында біліктіліктерін арттыру курстарынан өтеді.

49. Облыстық соттар мен Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы резервке алынған адамдармен жүргізген жұмысы туралы Комиссияға тоқсан сайын ақпарат береді.

____________________

 

 

Официальный сайт Высшего Судебного Совета 2016г.